13.08.2025 ж. Шығыс Қазақстан облысының ветеринариялық қызметіне жаңа арнайы автокөліктер берілді. Бұл техникалар отандық "СемАЗ" зауытында құрастырылып, облыстың әртүрлі аудан-қалаларындағы ветеринар мамандарына тапсырылды. Атап айтқанда, көліктер Тарбағатай, Шемонаиха, Зайсан аудандарына, Риддер және Өскемен қалаларына жол тартты.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ветеринар мамандығының қоғамдағы маңызына тоқталып, оның иелерінен адалдық, сабырлылық, терең білім мен зор жауапкершілік талап етілетінін атап өтті. Ол ауыл шаруашылығының өңір экономикасындағы маңызды орнын ескеріп, білікті ветеринар кадрларға деген сұраныстың жоғары екенін жеткізді.
Жаңа көліктер – 7 орындық "Соболь-Бизнес" маркалы фургондар. Олар биоқауіпсіздік пен ветеринариялық көмек көрсетуге арналған заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Әрбір көлік ішінде:
• биоматериал мен дәрі-дәрмекті тасымалдауға арналған жеке тоңазытқыш пен термоконтейнер;
• 30-дан астам медициналық құрал-сайман мен шығын материалдарынан тұратын шағын ветеринариялық хирургиялық жиынтық;
• дезинфекциялық құрылғы, анатомиялық қайшы, балға, ара, рулетка мен қолғаптар сынды қосымша анатомиялық жиынтық бар.
Автокөліктер қуаты 106,8 а.к. болатын "Evotech 2.7" (УМЗ А275) қозғалтқышымен жабдықталған. Толық жетекті 4x4 жүйесі олардың қиын жолдарда, әсіресе ауылдық жерлерде сенімді қозғалуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кең жүксалғышы (1330×1800×1530 мм), күшейтілген аспа жүйесі мен телескопиялық амортизаторлары бар көліктер жыл бойы дала жағдайында үздіксіз жұмыс істеуге бейімделген.
Көліктің жалпы салмағы – 3 тонна. Оны уақытша ветеринариялық бақылау бекеті немесе мобильді зертхана ретінде де қолдануға болады. Кепілдік мерзімі – 3 жыл немесе 80 мың шақырым, ал толық пайдалы қызмет мерзімі – 7 жылға дейін.
Бұл бастама – өңірдің ветеринариялық инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған кешенді бағдарламаның бір бөлігі. Жаңа техникалар ветеринариялық қызметтердің шалғай ауылдардағы шақыртуларға жедел әрекет етуіне, екпе жасау, диагностика жүргізу және шұғыл шаралар қабылдау мүмкіндіктерін арттырады.
"Жаңа техника – бұл тек заманауи құрал ғана емес, сонымен қатар ветеринар дәрігерлер еңбегінің маңыздылығын мойындау. Бұл көліктер ШҚО ветеринариялық қызметтерінің мобильділігі мен тиімділігін арттырады. Біз тек көлік жеткізіп қана қоймай, оның кез келген жағдайда толық жұмысқа дайын болуын қамтамасыз етуді көздейміз", – деді "ГазАвто Қазақстан" ЖШС директоры Мәдина Бекбатырова.